Ертең Австрияның Зефельд-ин-Тироль қаласында шаңғыдан әлем чемпионаты басталады.
3 наурызға дейін созылатын жарыста осы спорт түрін серік еткен жер шаһандағы мықтылардың барлығы 21 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында Олимпия ойындары мен дүниежүзілік деңгейдегі додаларда дараланған саңлақтар да бар. Тарқатып айтсақ, байрақты бәсекелер барысында шаңғы жарысынан –12, трамплиннен секіруден – 5 және шаңғы қоссайысынан – 4 жүлде жиынтығы таратылады.
Австриядағы әлем чемпионатында біздер шаңғышыларға зор үміт артамыз. Осы жарыста Қазақстан құрамасы сапында ерлер арасында Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Виталий Пухкало, Евгений Величко, Олжас Климин, Дәулет Рақымбаев және Денис Волотка өнерн көрсетсе, әйелдер сайысында Анна Шевченко, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Елмира Мутағарова және Марина Матросова бақ сынайды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»